loader image
www.sary-uysin.kz

Sary-uysin.kz

— Жетесіздің қолы кішкене бірдеңеге жетсе асып-тасып, шалқақтап ханға сәлем бермейтіндей болады. Адамға бәленің басы содан келеді. Қолынан келмейтін істі басқадан көретіндер баршылық. «Бәрі өзімнен болды-ау» деп өз бойынан мін іздейтін адам сирек кездеседі. Сондықтан мініңді айтса, кемшілік бетіңе басса көре алмай отыр-ау деп ойлау бұл адамның пендешілігі.
Өмірдің мені бірін-бірі сыйлауда, құрметтеуде. Осы аз ғана ғұмырда, шолақ тіршілікте бір-біріңді сыйлаңдар, құрметтеңдер. Адамнан адам артық емес, айырмасы ой-санасында, ар-ұжданы, парасатында деп, қария айналасына мейірлене қарады. Үй ішіндегі кісілер де тіршілігінде әулие атанған дана қарияның ақыл-кеңесіне шын ұйып қалып еді.
* * *
Біз бұл жерде қасиетті Жетісу жерінің Күрті топырағында, Ақши атырабында дүниеге келіп, туған жерін, елін түлеткен, ел батасымен көгерген Белағаш Ақұлының өмірінен бір ғана сәтті көркем әңгімелеп отырмыз. Бөлекең бұдан кейін де талай рет ауылдастарына, осы өңірдің тұрғындарына қорған болып, өзінің шапағатын тигізген екен. Іле Алатауынан ағып жатқан Қызылкүнгей өзенін Ресейден көшіп келген қарашекпендер бөгеп алып, қазақ шаруаларына зорлық-зомбылық көрсеткен кезде орыс ұлығымен кездесіп, өзінің бет-беделінің, қоғамдағы айырықша орнының арқасында мәселені оң шешіп бергендігін ұрпақтары күні бүгінге дейін айтады. Бір сөзді болған Бөлекең «Орыстың мөрінен өзімнің сөзім артық»,—деген екен. Соған қарағанда ол кісі айтқаннан ешқашан кайтпайтын, берген уәдесін қайтсе де орындайтын мерт адам болған сияқты.
Өз заманының белгілі тұлғасы болған Бөлекең Иранда парсыша, арабша оқып білім алған, парсыша таза сөйлеген деседі. Білімі де, даналығы да бар адам. Ел игілігі жолында тер төгіп, қиындықта толарсақтан су кешкен. Өз заманының өр жаңалығына құлағы түрік, айналасындағы ел-жұртқа бағыт-бағдар беріп отырған.
Белағаш би өмірдің өзі тудырған философ, шежіреші. Қазақтың аталы сөздерін, ақын-жыраулардың бай мұрасын жақсы білген, ірі тұлғасына ақылы сай адам екен. Жамағат бас қосқан жиналыстарда салмақты пікір, салиқалы ойын мақал-мәтелдермен өрлеп, көпшілікті бірден баурап әкететін болған. Өзі кешкен қилы заманның қиындығына мойымай артына салиқалы сөз қалдырған мұндай қариялар сарқылмас қазына емес пе?!
Белағаш әулие сары үйсіннің Қалша деп аталатын тайпасына жатады. Қалшадан бес бала тарайды. Соның бірі Солтанқұлдың белбаласы Ақтың кіндігінен Белағаш дүниеге келді.
Жасынан шымыр, ширақ болып өскен Белағашты жеңгелері Жарауқара атандырған екен. Өсе келе ел-жұртына қорған болып, биікке араласады. Қажет болған кезінде қолына найза алып та ел намысын қорғаған көрінеді. Даналығымен, айрықша қасиетімен ел аузына ілініп көзі тірісінде әулие атанады. Содан кейін де болар, әулие атаның зиратына тәуіп етіп, Алладан тілек тiлеушілер көп болған. Не түрлі ем қонбайды деген аурулардың сырқаттарынан жазылып, қызылшақаны армандаған әйелдің сәбилі болғандарын көрген адамдар жұртшылық арасында көп.
Әулие атаның зираты бұрынғы Күрті елді мекендерінің ортасында, үлкен күре жолдың бойында жатыр. Қасиет бөлек әулие, асқан тәуіп, биікті би атамыздың басына 1992 жылы сол кезде Күрті ауданының әкімі болған Cepiк Үмбетовтің бастамасымен гранит тасынан ескерткіш орнатылған болатын. Ата-бабамыздың дәстүріне сай есімі қайта жаңғырған қасиетті бабаға ас беріліп, ұлан асыр бәйге ұйымдастырылған. Бүгінде бұл ескерткішке ілтипат білдіріп, әулиенің басына келетіндер өте кеп.
Алладан рақым, әулиеден медет тілеген халықпыз ғой. Содан кейін де есімі бүгінгі күнге ұмытылмай жеткен әулие, тәуіп, көріпкел баба Белағаш атамыздың рухына аруағыңмен қолдай жүріп, әулием дегіміз келеді.

Белағаш Ақұлы – өз заманынының белгілі тұлғасы, батыр, би, емі шипалы тәуіп. Ол Жетісу жерінің Күрті топырағындағы Ақши атырабында дүниеге келген. Әулие Сарыүйсіннің Қалша деген тайпасынан шыққан. Алайда ол жатқан маңайда жиі жол көлік апаты орын алады. Ауыл тұрғындарының айтуынша, әулие атаға құран бағыштап өту керек. «Өлі риза болмай, тірі байымайды» демекші, ауыл тұрғындары тіпті 2007 жылы Белағаш Ақұлының басына ескерткіш орнатты. Айта кетсек, желіде әулие баба туралы мәліметтер кездеспейді, тек аты аталады.